Алматының бір ауданы кешеден бері жарықсыз отыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының Алатау ауданында 13 қарашадан бері жарықсыз отырған шағынаудандар бар. 

Алматының бір ауданы кешеден бері жарықсыз отыр
Фото: pexels

«Алатау жарық компаниясы» АҚ мәліметінше, 13 қараша күні 110 кВ № 124А және № 101А электр желілерінің апатты ажыратылуы тіркелген. Оқиға салдарынан бірқатар ірі қосалқы станция — ПС-162А «Алғабас», ПС-169А «Ақбұлақ» және ПС-123А «АТЭЦ-2» уақытша тоқтан ажыратылды.

Апаттың кесірі Алатау ауданындағы тұтынушыларға тиді.

Электр қуаты Ақбұлақ, Алғабас, Ақкент, Саялы, Теректі, Ғажайып, Көксай, Нұркент, Дарабоз, Зерделі, сондай-ақ Райымбек даңғылы — Момышұлы — Мөңке би көшелері арасындағы аумақта өшіп қалды.

Оқиға орнына жедел түрде апаттық-қалпына келтіру бригадалары жіберіліп, мамандар апаттың себебін анықтауға және тоқ беру жүйесін қалпына келтіруге кіріскен.

Алайда 14 қараша сағат 9:30–дағы жағдай бойынша бірнеше шағынаудан тұрғыны редакциямызға әлі де жарықсыз, жылусыз әрі ыстық сусыз отырғанын айтты.

«Алатау жарық компаниясы» 14 қараша, сағат 00:12–де ПС-169А «Ақбұлақ» қосалқы станциясы 110 кВ № 101А желісі арқылы қайта қосылғанын хабарлады.

— Қазіргі уақытта Нұркент, Ақкент, Алғабас, Теректі, Көксай шағынаудандарын электр энергиясымен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Ақбұлақ шағынауданында жартылай қосылды. Энергиямен жабдықтау толық қалпына келгенше апаттық-қалпына келтіру жұмыстары үздіксіз жүргізіледі, — деп хабарлады компания.

Еске салайық, бұған дейін Алматының бірнеше ауданында уақытша жарық сөнетінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар