Алматының бір ауданы жарықсыз қалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Әуезов ауданының тұрғындары таңғы сағат сегізден бері жарықсыз отыр.

Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мәліметінше, 30 маусым сағат 08:10-да Әуезов ауданына қарасты №1, №2, Аксай-1 шағынауданында электр энергиясы ішінара өшкен.
Ақаудың себебі – кабель желісінің зақымдануы.
– Қазір №1 және №2 шағынаудандарда электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді. Аксай-1 шағынауданында апаттық-қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мамандары электрмен жабдықтауды тез арада қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараны қолданып жатыр, – деп хабарлады компаниядан.
Еске сала кетейік, жоспарлы жөндеу жұмыстарының уақыты, түрі және мекенжайлары көрсетілген кесте компанияның ресми www.azhk.kz сайтында тұрақты түрде жарияланып отырады.
«Апатты өшірулер» интерактивті бөлімінде электрмен желілеріндегі ақаулар туралы онлайн режимінде ақпарат алуға болады.
Еске салайық, бұған дейін Алматының бір бөлігіне жарық сөніп қалғанын жазғанбыз.