Алматының бір бөлігін қою түтін басты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы облысының «Первомайск» өнеркәсіп аймағынан шыққан алапат өрт атмосфералық ауаның нашарлауына әсер етті. Сондай-ақ Алматының солтүстік бөлігінде қою қара түтіннің жиналуына әкелді.
Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, таңғы 07:00-ден 09:20-ға дейін түтін жоғарыға баяу көтеріліп, бірнеше шақырымға созылды. Қала шегіне шамамен 3 сағат бойы тарады.
«Айта кетерлігі, сағат 12:00-ден бастап қара түтін Алматы облысының Іле ауданына ауысты. Бұл - уақытша құбылыс», - деп хабарлады басқармадан.
24 қаңтар күні таңертең Іле ауданындағы «Первомайск» өндірістік аймағында полиэтилен өнімдерінің қоймасы өртенді.
Әлеуметтік желіде алапат өрттің видеосы тарады.