Алматының бір көшесінде қозғалыс жазға дейін шектеледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының энергетика және сумен жабдықтау басқармасы Строительная көшесінің бір бөлігінде құрылыс-монтаж жұмыстарының жүргізілуіне байланысты көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілетінін хабарлады.

Алматы улицы
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Басқарманың мәліметінше, бұл жұмыстар «Алматы қаласында Батыс кәріз коллекторын салу» инфрақұрылымдық жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Мердігер ұйым – «Павлодар өзен порты» АҚ.

Құрылыс-монтаж жұмыстары 2026 жылы 30 наурыз бен 10 маусым аралығында Строительная көшесінде, сондай-ақ Наурызбай ауданындағы Абай даңғылы мен Строительная көшесінің (дублер) қиылысында жүргізіледі.

м
Фото: Алматы әкімдігі

– Осыған байланысты аталған учаскелерде автокөлік қозғалысына уақытша шектеулер кезең-кезеңімен енгізіледі. Көшені толық жабу қарастырылмаған. Бұл көлік қозғалысындағы қолайсыздықты барынша азайтып, көлік қозғалысының қолжетімділігін сақтауға мүмкіндік береді, - деп хабарлады Алматының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы.

Ведомствоның мәліметінше, бұл шектеулер ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға байланысты енгізіліп отыр.

– Ұзындығы 34,9 шақырым болатын Батыс кәріз коллекторы Наурызбай және Алатау аудандарындағы 175 мыңнан астам тұрғынды, сондай-ақ Алматы облысының Қарасай және Іле аудандарындағы шамамен 20 мың адамды орталықтандырылған су бұру жүйесімен қамтамасыз етеді, - делінген хабарламада.

Басқарма өкілдері қала тұрғындары мен қонақтарынан уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарап, бағыттарын алдын ала жоспарлау кезінде енгізілген өзгерістерді ескеруді сұрайды.

Еске салайық, бұған дейін Алматының екі көшесінде көлік қозғалысы уақытша шектелгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар