Алматының біраз бөлігі жарықсыз отыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының бірнеше ауданында бүгін түстен кейін электр қуаты өшіп қалды.

«Алатау Жарық Компаниясы» интерактивті картасында Асқартау, Бағанашыл, Ерменсай, Ақжар, Алғабас, Шаңырақ-1, Көк-Қайнар, Нұркент, Теректі шағын аудандары, сондай-ақ «Алмалы» және «Восточка» тұрғын үй кешендері жарықсыз отырғаны көрсетілген. Сонымен қатар Мәмбетов, Әубәкіров көшелерінде, Талғар және Құлжа тасжолдарында да электр жарығы өшкен.

«Алатау Жарық Компаниясы» мәліметінше, сағат 15:42-де Алматы энергия торабында тоқ беру автоматты түрде тоқтап, апатқа қарсы автоматика жүйесі іске қосылған. Бұған «KEGOC» АҚ (Қазақстанның ұлттық электр желісі операторы) қарамағындағы электр жеткізу желілерінің апаттық түрде ажыратылуы себеп болған.
— Сағат 16:14-те жүйе операторы Алматы өңірінде электр қуатын толық қалпына келтіру туралы тапсырма берді. Қазіргі уақытта желілерді қайта қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады компаниядан.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте аптап ыстықтан электр желілері істен шығып, кей ауданда жарық сөніп қалғанын жазғанбыз.