Алматының бірнеше көшесінде 15 ақпанда қозғалыс уақытша шектеледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 15 ақпанда жүгіру жарысына байланысты кейбір аумақта көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Биыл 15 ақпанда Winter Run-2026 қалалық жүгіру жарысы өтеді. Іс-шараға шамамен 2 500 адам қатысады.
Ұйымдастыру комитеті жарыс өтетін күні көлік қозғалысына уақытша жартылай шектеу енгізілетіні туралы қала тұрғындары мен қонақтарын алдын ала хабардар етті. Жарыс биыл он екінші рет ұйымдастырылады.
Жарыс «Нұрлы-Тау» бизнес орталығының жанынан бастау алады. Қатысушылар әл-Фараби даңғылы бойымен Гагарин даңғылына дейін жүгіріп, кері бұрылып, бастапқы нүктеге оралады. Бағдарламада үш қашықтық қарастырылған: 10 шақырым, 7 шақырым скандинавиялық серуен және 3 шақырым балалар жарысы.

Іс-шараға байланысты 15 ақпанда көлік қозғалысына шектеу енгізіледі. Сағат 04:00–ден 12:00–ге дейін Ю. Померанцев көшесінің әл-Фараби даңғылынан Ганди көшесіне дейінгі бөлігі жабылады. Сағат 08:00–ден 10:45–ке дейін әл-Фараби даңғылының солтүстік жағы Меңдіқұлов бульварынан (тоннельге кіреберіс) Серкебаев даңғылына дейін жабық болады. әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағы көлік қозғалысы үшін ашық. Шығыс бағытта балама қозғалыс Тимирязев көшесі арқылы ұйымдастырылады.
— Шектеулер жарысқа қатысушылар қозғалысын тиімді үйлестіруді және спортшылар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіледі, — делінген хабарламада.
Ұйымдастырушылардың зерттеуіне сәйкес, марафон өтетін күндері мыңға жуық қатысушы шамамен 8 млн теңгеге сауда жасайды, ал серіктес компаниялардың салық аударымдары төрт жыл ішінде 318,9 млн теңгеден 873,9 млн теңгеге дейін артқан. Өзге өңірлерден келген қатысушылардың шамамен 80%-ы Алматыға қайта келуді жоспарлайтынын атап өткен.
Жарыс басталатын уақыты:
08:00 — 3 шақырым;
08:45 — 10 шақырым;
08:50 — 7 шақырым скандинавиялық серуен.
Еске салайық, бұған дейін 14 ақпанда Burabay Ice 2026 халықаралық мұзда жүгіру жарысы өтетінін хабарлаған едік.