Алматының екі ауданында екі күн газ болмайды
22-24 қазан аралығында Бостандық және Алмалы аудандарында уақытша газ беру тоқтатылады, деп хабарлайды Kazinform.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, АДК сауда, ойын-сауық орталығының аумағында газ құбырын жөндеуге байланысты бірқатар тұрғын үйлер мен жеке секторға газ беру тоқтатылады.
Атап айтқанда, Төле би – Розыбақиев – Сайран көлі – Жандосов көшелерінің бойындағы 2975 жеке сектор, 203 ұжымдық сектор және 21 коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорын орталық газдан ажыратылады.
Жоспарда төмен қысымды Д-325 мм жерасты газ құбырында газды үздіксіз және апатсыз беру үшін апатты газ құдығын ауыстыру жұмысы тұр.
«Тұрғындардан газ крандарын жабуды, «Интергаз Орталық Азия» АҚ ОМГ Алматы газ шаруашылығы қызметкерлері жүргізетін жұмыстарды аяқтағанға дейін ашпауларын өтінеміз», - деп хабарлады «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалының баспасөз қызметі.