Алматының қай өзен-көлдерінде шомылуға болады

Алматының қай өзен-көлдерінде шомылуға болады
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда шомылуға рұқсат етілген орындар белгіленді.

Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Әнуар Юсуповтың айтуынша, қала ішінде 44 су айдыны бар. Оның тоғызы шомылу маусымы кезінде халық үшін қауіпті.

Мегаполисте шомылуға рұқсат етілген 4 орын белгіленді. Олар: Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы – Баум тоғайы, Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы – Гүлдер демалыс аймағы, Сайран көлі – батыс бөлігі, Сайран көлі – шығыс бағыттағы бөлігі.

«Алайда Сайран көлінде іргелес аумақты абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жұмыстарды аяқтау 2025 жылдың мамыр айына жоспарланған. Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналын гидротехникалық құрылыстармен күрделі жөндеуге байланысты осы жылы каналды сумен толтыру жоспары жоқ», - деді Әнуар Юсупов.

ӨКҚ спикері атап өткендей, жазғы демалыс кезеңінде қауіпсіздік мәдениетін арттыру мақсатында білім басқармасымен бірлесіп қала мектептері арасында «Қауіпсіз су» қауіпсіздік акциясы өтті. Оған сәйкес барлық оқушылар арасында эссе, сурет, қабырға газеттері конкурстары, тақырыптық сызғыштар, сондай-ақ «Қауіпсіз су» тақырыбында сынып сағаттары ұйымдастырылды.

Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында департамент полиция қызметкерлерін, РЖҚЖ құтқарушыларын, сондай-ақ еріктілерді тарта отырып, рейдтік іс-шаралар өткізеді.

Қазіргі уақытта департамент БАҚ арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Барлық білім беру, денсаулық сақтау объектілерінде, адамдар көп жиналатын орындарда (СОО, СҮ, ХҚКО, вокзалдар, метрополитен, кинотеатрлар), сондай-ақ Алматы қаласының жолдары бойында орналасқан смартбордтар мен LED-экрандарда бейнероликтер көрсетіліп жатыр.

«Сонымен қатар шомылу маусымы аяқталғанға дейін күніне екі рет мемлекеттік және орыс тілдерінде «АспанФМ», «Еуропа Плюс Қазақстан» және «Народное радио» радиоарналарында «Судағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында аудиожазбалар таратылады. «Almaty tv» арнасында күн сайын «Судағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында бейнеролик жүреді», - деді спикер.

Жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін қарапайым ережелерді сақтау қажет:

- балаларды судың жанында қараусыз қалдырмау;

- тек жабдықталған жағажайларда және ресми рұқсаты мен құтқару қызметі бар шомылуға арналған басқа жерлерде шомылу;

- жүзе алмайтын болсаңыз, белден жоғары келетін суға түспеу;

- шомылу кезінде бір-бірін көзден таса қылмау;

- қалқымалар мен қоршау белгілерінен, жағадан алыс жүзбеу;

- қайықтардан, көпірлерден және айлақтардан суға секірмеу;

- түнде шомылуға болмайды.

Алматы ТЖД қала тұрғындары мен қонақтарына су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтауды, сондай-ақ тыйым салынған жерлерде шомылмауды сұрайды.

Соңғы жаңалықтар