Алматының коммуналдық қызметі нөсер жаңбырға байланысты күшейтілген режимге көшті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда ауа райының қолайсыздығына байланысты коммуналдық қызмет күшейтілген дайындық режиміне ауыстырылды.
«Алматы Тазалық» МКК және мердігер ұйымдар тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырды. Жұмыстарға 104 арнайы техника, 74 мотопомпа және 12 ассенизаторлық көлік тартылып, оның 9-ы су басу қаупі жоғары аумақтарға орналастырылды.
75 жедел бригада (425 жол саласы жұмысшысы) жасақталып, 2 300 құм толтырылған қап әзірленді. Жалпы тәуліктік кезекшілікке 2 710 жол саласы қызметкері жұмылдырылады.
Алматы қаласының Құтқару қызметі де кезекшілікке шыққан: 15 мотопомпа мен 1 ассенизаторлық көлік тартылған. Төтенше жағдайлар департаменті 53 техника мен 240 қызметкерді жұмылдырды.

«Қазгидромет» РМК болжамынша, 16 сәуірде күн ала бұлтты болады, сағат 16:00–ден 17 сәуір 02:00–ге дейін кей жерлерде 17 мм-ге дейін нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнап, желдің екпіні 15-18 м/с дейін жетеді. Күндізгі ауа температурасы +17…+19°С.
17 сәуір күні сағат 11:00–ден күні бойы 12 мм-ге дейін жаңбыр жауады, найзағай ойнайды, желдің екпіні 18 м/с дейін болмақ. Түнде сынап бағанасы +8…+10°С, күндіз +11…+13°С көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін «Қазгидромет» синоптиктері 16 сәуірде еліміздің бірнеше өңірінде нөсер жаңбыр мен бұршақ жауатынын ескерткен еді.