Алматының Наурызбай ауданы жаңажылдық безендіруге қанша қаражат жұмсағалы отыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының Наурызбай ауданында жаңажылдық безендіру жұмыстары желтоқсан айында басталады.
Наурызбай ауданы әкімдігінің мәліметінше, жаңажылдық безендіру жұмыстары Ақжар, Тау самалы, Тастыбұлақ, Тау жолы, Қалқаман 1, 2, 3 және Шұғыла шағын аудандарында (Абай даңғылы, Әшімов, Тәжиев, Нәдіров, Жандосов, Строительная, Райымбек даңғылы, Қ. Медеубеков көшелері) жүргізіледі.
– 2025-2026 жылғы жаңажылдық маусымға дайындық аясында Наурызбай ауданының жергілікті бюджетінен 92,3 миллион теңге қарастырылған. Бұл қаражат ауданның мерекелік безендірілуіне арналған шараларды ұйымдастыру мен өткізуге жұмсалады. Негізгі жұмыстар – көшелер мен ағаштарды жарықтандыру, декоратив құрылымдар мен жарық инсталляцияларын орнату, жаяу жүргіншілер көпірлерін безендіру, өсіп тұрған шыршаларды гирляндалармен әрлеу, жарық шарлары мен кронштейндерді көше шамдарының бағандарына ілу, - делінген Наурызбай ауданы әкімдігі хабарламасында.
Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс өткізіліп, нәтижесінде мердігер ретінде «СК ПромСтройПроект» ЖШС таңдалған.
– Мерекелік безендіру кезінде жаңа элементтермен қатар бұрын пайдаланылған әшекейлер де қолданылады. Барлық шығын (монтаж, демонтаж, пайдалану және сақтау) бюджет қаражаты есебінен толық өтеледі. Жобаны қаржыландыру толығымен жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі, демеушілік немесе бюджеттен тыс қаражат қарастырылмаған. Жұмыстар 1 желтоқсанда басталады, - деп хабарлады әкімдік.
Сонымен қатар қолданылатын құрал-жабдықтар заманауи энергия үнемдеу және қауіпсіздік стандарттарына сай болуға тиіс. Бұл мақсатта LED жарықтандыру, сертификатталған материалдар және қажетті қорғаныс деңгейі бар өнімдер пайдаланылады. Бұл талаптарды орындауға жауапты – мердігер компания.
Еске салайық, 2024 жылы Алматыны жаңажылдық безендіруге 800 миллион теңге бөлінген еді.