Алматының Наурызбай ауданында 3 626 оқушыға орын тапшы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Осы жылдың соңына дейін Алматының Наурызбай ауданында 5 жаңа мектеп салынады. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев тұрғындармен кездесу барысында мәлімдеді. 

Алматының Наурызбай ауданында 3 626 оқушыға орын тапшы
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Айтуынша, жаңа оқу жылында 1 200 оқушыға арналған бір мектеп ашылады. Білім мекемесі «Алем Сити» тұрғын үй кешені жанында орналасқан. Ол «жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды.

«Жалпы сыйымдылығы 6 700 орындық қалған төрт мектеп осы жылдың соңына дейін салынады. 2025 жылдың ақпан айында «Шұғыла» шағын ауданындағы №174 мектепке қосымша құрылысты аяқтау жоспарда», - деді Ерболат Досаев. 

Сонымен қатар «Мектеп автобусы» жобасы аясында былтыр Наурызбай ауданының 2800 оқушысын 7 мектеп тасымалдау үшін 33 автобус бөлінді. Жаңа оқу жылының басынан бастап 3 200 оқушы қамтылмақ. Автобустар санын 42 бірлікке дейін ұлғайту көзделген.

Наурызбай ауданында барлығы 29 мектеп бар, онда 29 858 бала оқиды. Қазір 3 626 оқушы орны тапшы. 

«Ауданның мектепке дейінгі мекемелерінде орын тапшылығын төмендету мәселелері де шешіліп жатыр. Атап айтқанда, 2024 жылдың қыркүйегінде «Шұғыла» шағын ауданында 320 орындық балабақша пайдалануға беріледі. Осы жылдың соңына дейін Құрамыс және Шұғыла шағын аудандарында жалпы сыйымдылығы 640 орындық тағы екі жаңа балабақшаның құрылысы аяқталады», - деп атап өтті әкім.

Ауданда 7 296 бүлдіршінді қамтитын 139 балабақша жұмыс істейді. 

Соңғы жаңалықтар