Алматының Орталық стадионында жөндеу жұмыстары қашан басталады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Орталық стадион тарихи келбетін сақтай отырып жаңғыртылады.

Былтыр жыл соңындағы қорытынды баспасөз мәслихатында Алматы әкімі Ерболат Досаев қаланың бас стадионы жаңғыртылатынын айтқан еді.
- Келесі жылы біз Орталық стадионды қайта құруды бастаймыз. Стадион барлық стандарттарға сай болады, бұл жабық алаңға айналады. Қазір тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы келісімшарттың жаңа жүйесі бойынша даму тұжырымдамасы бекітілді. Жоғары кубоктарды еуропалық және әлемдік деңгейде өткізуге болады, - деді әкім.
Осы орайда, қалалық Құрылыс басқармасына сауал жолдадық. Басқарма жауабына сәйкес, спорт алаңындағы құрылыс жұмыстарының нақты басталатын уақыты әлі де белгісіз.
- Орталық стадионды қайта жаңғырту жұмыстары 2025-2026 жылдарға жоспарланған. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны әзірленген жобалау-сметалық құжаттаманың және мемлекеттік сараптаманың нәтижесіне сәйкес анықталатын болады, - деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар басқарма жауабында нысанның жобасы халықаралық деңгейдегі тәжірибесі бар компаниялармен бірлесіп, тарихи келбетін сақтай отырып әзірленетіні айтылған.
- Қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін стадион сыйымдылығы 23 000 орыннан 35 000 орынға көбейетін болады. Қазіргі таңда Орталық стадионда 46 адам жұмыс істейді, - делінген жауапта.
Еске салайық, былтыр «Астана» мен «Челси» ойыны кезінде Орталық стадионының батыс секторындағы алты қатар қардан уақытылы тазаланбаған. Осыған байланысты Орталық стадион басқарушысы Бауыржан Жұмажанов қызметінен босатылды.
Бұған дейін мемлекетке қайтарылған «Алматы арена» мен «Халық аренада» қандай өзгеріс болатынын жазғанбыз.