Алматының ойын-сауық орталықтарында түнде антитеррористік оқу-жаттығу өтеді
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жоспарлы антитеррористік оқу-жаттығулар өткізіледі.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, 18-20 тамыз аралығында түнгі уақытта Mega Almaty аумағында (Розыбакиев көшесі, 247а), «MOSKVA Metropolitan» аумағында (8-шағынаудан, 37/1) және арнайы ХҚКО-да (Саялы шағынауданы, Ақ-Қайнар көшесі, 1) жоспарлы антитеррористік оқу-жаттығулар өткізіледі.
- Оқу-жаттығулар адамдар көп жиналатын орындарда терроризм актілерінің жолын кесу механизмін жетілдіруге бағытталған. Қауіпсіздік шараларын сақтап, мемлекеттік орган қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауларыңызды сұраймыз. Сондай-ақ, тек ресми ақпарат көздеріне сүйеніп, жалған ақпарат таратпау қажет екендігін ескертеміз, - деп хабарлады полициядан.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық» кодексінің 443-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын тұлғаның заңды талабына бағынбау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан азаматы халықаралық террористік ұйым қызметіне қатысы бар деген күдікпен ұсталды.