Алматының Райымбек даңғылында қозғалыс уақытша шектеледі
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жылу желілерін жөндеу жұмыстарына байланысты Райымбек даңғылының бір бөлігі уақытша жабылады.

— 13 маусым сағат 23:00–ден бастап 14 маусым сағат 08:00–ге дейін Райымбек даңғылы бойымен Н. Тілендиев көшесінен Брусиловский көшесіне дейін шығыс бағытында автокөліктер қозғалысы жартылай шектеледі. Батыс бағытында жол ашық болады, — деп хабарлады әкімдіктен.
Уақытша шектеулер алдағы жылыту маусымына дайындық аясында, 1994 жылы пайдалануға енгізілген магистральді құбыр желісінің жөндеу жұмыстарын қауіпсіз жүргізу мақсатында енгізілмек.

Осыған дейін Алматыда Фариза Оңғарсынова көшесінің бөлігі 1 айға жуық уақытқа жабылғаны туралы жазғанбыз.
Сонымен қатар 1 маусымнан бастап 20 тамызға дейін Сәтпаев көшесімен Масанчи көшесінен бастап Байтұрсынов көшесіне дейін екі бағытта қозғалыс шектелді. 2 маусымнан бастап 20 тамызға дейін Ғабдуллин көшесінде Римский-Корсаков көшесінен бастап Нахимов көшесіне дейін екі бағытта да жол жабылды.
Бұдан бөлек, 10 маусымнан бастап 1 қыркүйекке дейін көлік қозғалысы Қожанов көшесінің бойымен Гагарин көшесінен бастап Жароков көшесіне дейін, сондай-ақ Жароков көшесінің бойымен Қожанов көшесінен бастап Дунаевская көшесіне дейін оңтүстік бағытта көлік қозғалысы шектелді. Солтүстік бағытта көлік қозғалысы екі бағытта ұйымдастырылады.
Қайта жаңғырту жұмыстары кезінде тұрғындарға ыстық су үздіксіз беріледі. Осы жылы қала бойынша 39 км жылу трассасын жаңғырту көзделген. Бұл тозу деңгейін 54 пайызға төмендетеді.