Алматының Сайран көлінде бақылау күшейтілді: 250 хаттама толтырылған
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы полициясы Сайран көлінде профилактикалық жұмыстарды күшейтті.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Әуезов ауданында әкімшілік құқық бұзушылық дерегі бойынша 4 мыңнан астам хаттама толтырған. Оның ішінде 255 хаттама Сайран көлі маңындағы құқық бұзушылықтарға қатысты. Атап айтқанда, азаматтар алкогольдік ішімдіктер ішу, қоғамдық орындарда мас күйінде жүру, аумақты ластау, адамдардың қоғамдық орында мазасын алу, абаттандыру ережелерін бұзу және рұқсат етілмеген жерлерде сауда жасау әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- Шомылу маусымы ашылғалы бері Сайран көлінде полиция қызметкерлері, ТЖД мамандары және Ұлттық ұлан әскери қызметшілері тұрақты түрде қызмет атқарып жүр. Сонымен қатар ювеналды полицияның жаяу патрульдері, учаскелік инспекторлар мен ЖҚАЖ жауынгерлері де тәулік бойы кезекшілік етеді, - деп хабарлады полициядан.
Еске салайық, бұған дейін Алматы тұрғыны жасаған құқық бұзушылық үшін оралдық жүргізушіге айыппұл келгенін жазғанбыз.