Алматының такси қызметін электромобильдерге көшіруге әлі ерте – Олжас Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауапта Алматы қаласындағы такси қызметіне неге толықтай электр көліктерге ауыстыру мүмкін еместігін түсіндірді.

Алматының такси қызметін электромобильдерге көшіруге әлі ерте – Олжас Бектенов
Фото: freepik.com

— Алматы қаласында 2024 жылы 664 806 көлік тіркелді. Оның 567 758-і аралас отынмен (бензин-газ), 60 466-сы дизельмен, 7 875-і электр қуатымен жұмыс істейді. Сонымен қатар, бүгінде қалада электр энергиясы тапшылығы әрі электрмен жүретін көліктерді қуаттайтын инфрақұрылым да жоқ. Осылайша, барлық таксилерді электрлі көліктерге кезең-кезеңімен көшірудің үш жылдық бағдарламасын әзірлеуге әлі ерте, — делінген жауапта.

Оның айтуынша, әлемде электромобиль такси қызметіне дамытып жатқан елдердің тәжірибесін Қазақстанға енгізу үшін бюджеттен қаржылық жеңілдіктерге қосымша шығын қарастыру керек болады.

— Қаладағы таксидің бәрін электр көліктерге көшіру инфрақұрылым мен экономикалық факторларға байланысты болғандықтан күрделі және көп сатылы процесс. Әлемдік тәжірибеде Қытай такси парктерін электрлі көліктерге көшіруде көш бастап келеді. Шэньчжэнь —таксилердің 95%-дан астамы электр көлігіне көшкен әлемдегі алғашқы қалалардың бірі. Нидерландта 2025 жылдан бастап Амстердамдағы барлық таксилер электр отынына көшуі керек. Франциядағы G7 операторы 2030 жылға қарай толығымен электр көліктеріне ауысуды жоспарлап отыр, — деп жазады Премьер-министр.

Бұған дейін Көлік министрі Марат Қарабаев Алматы мен Алатау қаласының арасында сутегімен жүретін тікұшақ-такси пайда болуы мүмкін екенін мәлім еткен болатын. 

Соңғы жаңалықтар