Алматының тау бөктерінде құрылыс жүргізуге мораторий енгізіле ме - Досаев жауабы

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Бұл сұраққа Алматы әкімі Бостандық ауданының тұрғындарымен кездесуінде жауап берді.

Ерболат Досаев
Фото: Алматы әкімдігі

«Ерменсай» шағын ауданының тұрғыны тау бөктеріне жақын аудандарда тұрғын үй кешендерін салуға мораторий енгізуді ұсынды.

- Бізде инфрақұрылым, жолдар, көлік мәселесіне байланысты сұрақтар шешілмей жатып, тұрғын үй салудың мәні жоқ. Мұндай тұрғын үйлер өздерінің ғана емес, бүкіл «Ерменсайдың» жағдайын ушықтырып отыр, - деді тұрғын.

Ерболат Досаев жеке аумаққа мораторий енгізу құқығы жоқ екенін атап өтті.

- Өкінішке қарай, мен жеке мораторий енгізе алмаймын, менің әкім ретінде ондай құқығым жоқ. Бірақ бұл мәселені басқа жағынан шешіп жатырмыз. Біз қаншама құрылыс жобасына рұқсат бермей қойдық. Құрылыс бастауға рұқсат бермегендіктен маған қарсы адамдардың қарасы көбейді. Қазір олар құрылыс жүргізудің басқа жолын тапты - жеке тұрғын үй құрылысы ретінде рәсімдейді. Аз қабатты құрылыс пен жеке тұрғын үй құрылысын нақты ажырата алу үшін біз Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ұсыныс енгіздік. Енді заң жүзінде бұл нормалар бекітіледі деп үміттенеміз, - деді шаһар басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Ерболат Досаев Алматы әкімдігіне неліктен әйелдер аз екенін айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар