Алматының тау бөктерінде заңсыз салынған нысан сот шешімімен бұзылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Сағадат Нұрмағамбетов көшесі, 374/1 мекенжайында заңсыз салынған төрт қабатты ғимаратты бұзу жұмыстары басталды.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, нысанды меншік иесі (жеке тұлға) рұқсат беру құжатынсыз тұрғызған.
– Нысан заңсыз салынған. 2022 жылы құрылыстың тиісті құжаты болмағандықтан басқарма өз бетінше салынған ғимаратты бұзуға талап-арыз берген еді. Кейін сот процесі жүрді. Сол жылдың қарашасында Алматы қалалық соты талап-арызды қанағаттандырды және Алматының Әділет департаменті атқарушылық іс қозғаған болатын,– деп атап өтті басқармадан.
Қала тұрғындарына ғимараттың заңсыз салынғанын ескерту үшін нысан жылжымайтын мүлікті сатып алуға ұсынылмайтын тізімге енгізілді.
Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын оның құжаттарының бар-жоғын білу үшін +7 705 89 66 000 WhatsApp анықтамалық телефон нөміріне жүгінуге кеңес береді.
Еске салайық, былтыр Алматының тау бөктерінде заңсыз салынған 52 нысан анықталған болатын.
Бұдан бөлек, Алматыда көп жыл бойы құрылысы бітпеген нысандар қашан бұзылатыны туралы жазғанбыз.