Алматының Түрксіб ауданында 126 ескі үй бұзылып, жаңа 181 үй салынады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Түрксіб ауданында ескірген 126 үйді бұзылып, оның орнына жаңадан 181 көпқабатты тұрғын үй салынады.  Бұл туралы аудан әкімі Бақытжан Ақжаров айтты.

Алматының Түрксіб ауданында 126 ескі үй бұзылып, жаңа 181 үй салынады
Фото: Алматы әкімдігі

Оның айтуынша, аудан жақсы қалалық орта қалыптастыру тұрғын үй қорын жаңартып, қоғамдық кеңістіктер абаттандырып, инфрақұрылымды жаңғыртып жатыр. Ескі үйлерді жаңасына алмастыру осы істегі ең басты міндеттің бірі болмақ.

- Қазір 8 жерде құрылыс жұмысы жүріп жатыр. 28 ескі үйдің орнына 17 жаңа үй салынып, 500-ден астам тұрғын жаңа пәтерге көшті, - деді ол.

Бақытжан Ақжаров оңалтуға арналған аймақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Шілде айында Үлкен Алматы каналында қайта құру жұмысы басталған. Мұнда демалыс аймақтары, жағажай алаңдары салынып, жаяу жүргіншілердің көпірі жаңартылып жатыр. Енді жылдың соңына дейін Баум тоғайы мен Кіші Алматы өзенінің бойындағы жаяу жүргіншілердің аймағын абаттандыруды қолға алынады.

- Сонымен қатар ауданда 850 метр арық жүйесінің күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жасыл желектерді күтіп ұстау жағы да ескерілген, - деді аудан әкімі.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы ескі үйлердің 40%-дан астамы Түрксіб ауданында орналасқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар