Алматының жаңадан тағайындалған бас полицейі мәлімдеме жасады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы полиция департаментінің жаңадан тағайындалған бастығы Айдын Қабдұлдинов қызметіне кірісіп, алғашқы мәлімдемесін жасады.
Ол Алматының өзі үшін бейтаныс қала емес екенін айтты. Оның сөзінше, Алматы — оның кәсіби тұрғыда қалыптасып, қызмет жолының маңызды кезеңдері өткен қала.
— Бұл мегаполис әрдайым ашықтығымен, белсенді азаматтық ұстанымымен және әділдікке деген талабы жоғары тұрғындарымен ерекшеленеді. Алматылықтар — бейжай қарамайтын, сұрай білетін әрі бірге жұмыс істеуге дайын халық, — деді ол.
Жаңа басшы алдыңғы басшылық пен жеке құрамға атқарған еңбегі үшін алғыс айтып, қоғамдық тәртіп саласындағы қазіргі нәтижелер сол жүйелі жұмыстың жемісі екенін жеткізді. Оның айтуынша, негізгі міндет — бар жақсыны сақтап, тиімді бағыттарды күшейту.
Айдын Қабдұлдиновтың сөзінше, қылмысқа қарсы күресте тек жауап берумен шектелмей, алдын алу, түсіндіру, халықпен тікелей жұмыс істеуге басымдық беріледі.
— Қауіпсіздік диалогсыз болмайды. Полиция, тұрғындар, журналистер мен қоғам бәріміздің мақсатымыз ортақ: тыныш, қауіпсіз әрі сенімді қала, — деді ол.
Жаңа тағайындалған бас полицей ашық жұмысқа, өзара сенімге және бірлескен әрекетке дайын екенін мәлімдеді.
Еске салайық, 2026 жылғы 9 қаңтарда Алматы полиция департаментінің жаңа басшысы болып полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов тағайындалды. Ол мұның алдында Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің басшысы қызметін атқарған.