Алматының Жетісу ауданы әкімі отставкаға кете ме
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматы қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Арман Рахимов Жетісу ауданының әкімі Гүлнәр Көкебаева орынбасарының ірі көлемде пара алғаны үшін жауапқа тартылу мәселесіне қатысты сұраққа жауап берді.

«Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, оған аппеляциялық түрде шағым жасалады. Сот үкімі заңды күшіне енген соң, егер бірінші инстанцияның айыптау үкімі расталса, тиісінше басшының қарамағындағылардың сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін жеке жауапкершілігі іске асады. Саяси мемлекеттік қызметшілер үшін бұл отставкаға кету деген сөз. Тиісті лауазымды тұлға бұл отставканы қарайды, оны қабылдап немесе қабылдамайды, сонымен қатар, тәртіптік жауапкершілік мәселесін шешетін болады», - деді Арман Рахимов өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында.
Еске салайық, жыл басында Алматының Жетісу ауданы әкімінің орынбасары 14 млн теңге пара алды деген күдікке ілінген еді.
Ақпан айында Жетісу ауданының №2 аудандық сотында Жетісу ауданы әкімінің орынбасары пара алғаны үшін 6 жылға сотталған болатын.