Алматы әкімдігі мен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы арасында меморандумға қол қойылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы әкімдігі мен Қазақстан қаржыгерлері Қауымдастығы арасында екіжақты ынтымақтастық аясында меморандумға қол қойылды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінінің баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

Экономикалық күрделі жағдайға қарамастан қаржы нарығын дамыту мен шағын және орта бизнесті қолдаудың маңызы зор екендігі сөзсіз.

Осы маңызды істі жүзеге асыру аясында тараптар қаржы институттарымен жұмысты ауқымды жүргізу мақсатында өзара тиімді келісімге қол қойды.

Бұл меморандум Алматы үшін ерекше маңызды. Өйткені, еліміздегі шағын бизнес несиесі қоржынының 50 пайыздан астамы Алматыда шоғырланған.

2016 жылдың қаңтар-сәуір айларында ШОБ субьектілеріне берілген несие көлемі - 358,2 млрд. теңгені құрады.

«Алматы - жеке бизнес қаласы. Бұл Қазақстанның барлық экономикасының бестен бір бөлігі деген сөз. Сондықтан дағдарысқа қарамастан қаланың даму қарқынын арттырған жөн.

Қаланың тұрақты экономикасы көңіл қуантады. Біз оны одан әрі дамыту жолдарын іздестіруге тиіспіз. «Алматы қаласын дамыту-2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін азаматтық қоғамның, бизнес пен жергілікті атқару органдарының өзара үйлесімділігі бізге өте қажет», - деді Алматы әкімі Бауыржан Байбек.

Атап өтерлік жайт, бүгінгі күні Қауымдастық құрамында 160-тан астам ұйым (банктер, қамсыздандыру ұйымдары, брокерлер, лизингтік компаниялар және басқалары) бар.

Бұдан өзге, ынтымақтастық аясында Алматы әкімдігі мен «Даму кәсіпкерлікті дамыту Қоры» АҚ арасында да Меморандумға қол қойылды. Оның аясында тамақ өнеркәсібін екінші деңгейлі банктер арқылы несиелендіру қарастырылған. Қор тарапынан Алматының шағын және орта бизнес кәсіпорындарына қаржылай емес қолдаулар да көрсетіледі. Осылайша, мегаполисте инвестициялық ахуал жақсарады, жобаларды жүзеге асырудың арқасында жұмыс орындары ашылып, Алматыда азық- түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін болады.

Соңғы жаңалықтар