Алматы әкімдігі шетелдіктерден алынатын 5% туристік жарнаны түсіндірді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров 2023 жылдың қаңтарынан бастап шетелдіктерден алынатын туристік жарнаның неліктен 5 пайыз болғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Bed Tax деп аталатын туристік жарна, 2021 жылы заңға енгізілген. Содан кейін Үкімет ережелерді бекітті, оған сәйкес есептеу әдістемесі бойынша туристер ағынының 20%-ға ұлғаюына байланысты Bed Tax жарнасы 5% деңгейінде енгізіледі. Яғни, біз қазір әдістемеге сәйкес осындай шешім қабылдадық. Бұл алым әлемдік тәжірибеге сәйкес туризмді одан әрі дамытуға бағытталғандықтан, келесі жылдан бастап тиісті заң күшіне енеді деп сенеміз. Бұл - тек шетелдік туристерден түсетін қосымша қаражат болмақ. Оны біздің азаматтар төлемейді», - деп жауап берді ол.
Айтуынша, Алматыда шетелдік туристер саны 2,8 есе, ішкі туристер саны 1,4 есе өсті.
«Жарна да өзгеруі мүмкін. Шетелдік туристер ағыны азайса, сәйкесінше оның құны да төмендейді», - деп қосты спикер.
Бұған дейін 2023 жылдан бастап Алматыға келген шетелдіктерден туристік жарна алынатыны туралы айтқан болатынбыз.