Алматы әкімі 2015 жылғы жазғы Универсиада ойындарының жүлдегерлерін құттықтады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов 2015 жылғы жазғы Универсиада ойындарында жүлделі орындарға қол жеткізген алматылық спортшыларды құттықтады. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Естеріңізге сала кетелік, 28-ші жазғы Универсиада Оңтүстік Кореяның Кванджу қаласында өткен болатын. Қазақстан құрама командасы 6 алтын, 4 күміс медальді жеңіп алып, жалпы командалық есепте 11-ші орынды иеленді. Олардың ішінде алматылық спортшылар 5 алтын және 3 қола медальге қол жеткізді. Қала басшысы спортшыларымыздың жетістігін жоғары бағалап, оларға ақшалай сыйақы тапсырды және жоғары жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдірді.

«Сіздер өздеріңіздің шеберліктеріңіз бен жеңіске деген жігерлеріңіздің арқасында осындай үздік нәтижелерге қол жеткіздіңіздер. Енді ересектер аренасында да ел намысын абыроймен қорғай аласыздар деп санаймын. 2017 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейра қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарынан да жүлдемен оралады деген үміттеміз», - деді Ахметжан Есімов.

Өз кезегінде спортшылар қала әкімін өздеріне тұрақты түрде қолдау көрсетіп келе жатқанына ризашылықтарын білдіріп, алдағы Олимпиадада лайықты нәтиже көрсететіндеріне уәде берді.

Сөз соңында әкім жүлдегерлерге Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) президенті Клод-Луи Гальеннің хатын оқып берді. FISU басшысы өз хатында Алматы қаласының басшылығын 2017 жылы Алматыда өтетін 28-ші қысқы Универсиада ойындарына дайындық жұмыстарын үздік атқарып келе жатқандығы үшін алғыс білдіріп, 2022 жылғы қысқы Олимпиада астанасын таңдауда жеңіс тілеген.

Соңғы жаңалықтар
telegram