Алматы әкімі Біріккен Араб әмірліктерінің делегаттарымен жүздесті

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 22-сі. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Біріккен Араб әмірліктерінің сауда-өндіріс палатасының төрағасы Әбу Дәби Мухаммед Тани бастаған бірқатар кәсіпкерлер делегациясымен жүздесті.
None
None

Кездесу барысында экономика саласы бойынша екіжақты ынтымақтастық мәселесі қаралды.

А.Есімов қонақтарға Алматының еліміздің экономикалық және қаржы орталығы екендігін айта келе, қаланың инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып өтті. Қаладағы инвестициялық жобаларды таныстырып, олардың жүзеге асуына атсалысуға шақырды. Бұлар муниципальдық автобус паркінің, ірі логистикалық орталықтың және «Шымбұлақ» курортты аумағын дамыту құрылыстары болатын.

Қазіргі уақытта қала Азиада ойындарына дайындық үстінде болғандықтан жолдар салынып, коммуналдық жүйе қалыпқа келтірілуде, дегенмен қонақүйлер мен туристерге арналған ойын-сауық орталықтары әлі де жеткіліксіз.

«Алматы еліміздің қаржы орталығы және мұнда банктік істердің 50 пайызы жүргізіледі. Қалада сіздерді қызықтыратын инвестициялық жобалар көп екеніне сенімдімін. Егер сіздер экономика саласында ынтымақтастық құруға ниет білдірсеңіздер біз өз тарапымыздан динамикалық тығыз қатынаста болуға дайынбыз», деп атап өтті қала әкімі.

Араб кәсіпкерлері өз кезегінде азық-түлік, телекоммуникация қызметін ұсыну, туристік жобалар мен қаржы саласы бойынша ынтымақтастық құруға дайын екендіктерін білдірді. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық жобалар мен экономикалық қарым-қатынасты дамытуды екі елдің елшіліктері мен сауда палаталары арқылы толықтай қарауға келісті.

Соңғы жаңалықтар