12:59, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматы әкімі ҚР Ішкі істер министрлігінің төсбелгісімен марапатталды
АЛМАТЫ. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда қалалық ішкі істер департаменті қызметінің 2008 жылғы жұмыс қорытындысына арналған алқалы жиында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов ҚР Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановтың бұйрығымен «Ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ахметжан Смағұлұлына бұл төсбелгі ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды іске асыру жөніндегі міндеттерді шешуге елеулі үлес қосқаны, материалдық-техникалық базаны нығайтуда, полиция қызметкерлерінің қаржылық, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуге белсенді көмек көрсеткені үшін беріліп отыр. Сондай-ақ аталмыш жиында Бауыржан Мұхамеджановтың бұйрығымен 3 адамға «Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» медалі берілді. Оған полиция полковниктері; Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Нұрлан Алмасбеков, Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Қайрат Әбішев және Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы полиция майоры, Асқар Ғабдуллин ие болды. Ал Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Валерий Козлов министрдің Құрмет грамотасымен марапатталды. Бұл жиында сондай-ақ қызметтік борышын атқарудағы кәсіби шеберлігі және ерекше қылмыстарды ашу, тергеу кезінде ұтымды ұйымдастырған іс-қимылдары үшін бес адамға Алматы қаласы әкімінің Құрмет грамотасы табыс етілді. Оған Тергеу басқармасының аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі, подполковник Владимир Григориев, аға лейтенанттар жол полициясы басқармасының взвод командирі Айдар Қиялбай, Бостандық аудандық ІІБ жедел уәкілі Еділ Ағатаев, лейтенанттар Алмалы аудандық ІІБ жасөспірімдер ісі бойынша инспекторы Әмина Бәкірова, Алмалы аудандық ІІБ жедел уәкілі, Жарықбек Әбілсамат және жол полициясы басқармасының инспекторы, старшина Айдос Аманжолов ие болды.