Алматы әкімі «Нұр Отан» партиясының жаңа мүшелеріне билеттер табыстады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қала әкімі Бауыржан Байбек Астана күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының жаңа мүшелеріне билеттер табыстады. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы АҚФ баспасөз қызметі хабарлады.
None
None

Салтанатты шара «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласы Бостандық аудандық филиалының пайдалануға берілген жаңа ғимаратында өтті. Партия қатарында қабылданғандардың арасында «2015 жылдың үздік мейірбикесі», №4 қалалық емхана бас дәрігерінің медбикелер ісі жөніндегі орынбасары Әмина Шүкірова және техника ғылымдарының докторы, «Алматы полиграфия колледжінің» директоры Біләлдин Ахметов бар.

«Біз сіздерді «Нұр Отан» партиясы қатарына қабылдануларыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен біліктіліктеріңіз партияға күш-қуат қосады деп ойлаймыз. Бұл ретте партия Төрағасы, Елбасы Н. Ә. Назарбаев «нұротандықтардың» алдына қойып отырған міндеттерді жүзеге асыруда аудандық филиалдардың күшейтілуі аса маңызды рөл атқаратыны сөзсіз», - деді қала әкімі, партияның АҚФ төрағасы Б.Байбек.

Сонымен қатар, қала әкімі Бостандық аудандық филиалының жаңа ғимаратындағы кездесуде бастауыш ұйымдар мен аудандардағы Қоғамдық қабылдаулар қызметі күшейтілетіні туралы қадап айтты.

 «Осы уақытқа дейін партияның 8 аудандық филиалының алтауында өз ғимараттары тұрғызылды. Міне, бүгін өздеріңізбен жетінші ғимараттың ашылуында бас қосып тұрмыз. Ендігі кезекте Наурызбай ауданының ғимараты салынбақ. Мұның барлығы алматылықтардың мүддесі үшін жасалып отыр. Тұрғындарға орталыққа жүгірмей-ақ, жергілікті жерлерде өздерінің мәселелерін шеше алатындай жағдай туғызылуда. Бастауыш партия ұйымдары мен аудандық филиалдардың қызметі тиімді бола түседі деген сенімдеміз. Тек біртұтас күшімізді біріктіре отырып, алға қойған мақсаттарымызға жете аламыз», - деп атап өтті Б.Байбек.

Айта кетелік, осы жылдың бес айында ғана қалалық және аудандық филиалдардың Қоғамдық қабылдауларында жергілікті атқару органдары өкілдері мен мәслихат депутаттары 300-ден аса қабылдау өтікізіп, 2,5 мың адамның өтініштерін қарады.

Бүгінгі таңда «Нұр Отан» партиясының қазір республика бойынша 1 миллионнан аса мүшесі бар. Олардың арасында Алматыдағы 705 бастауыш партия ұйымдарында 78 865 партия мүшесі тіркелген. Сонымен қатар, партия құрамының сапасына да ерекше көңіл бөлінеді.

Бүгінгі шараға «Нұр Отан» партиясының белсенділері - денсаулық сақтау, білім, ғылым мен мәдениет, шағын және орта бизнес саласының қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен жастар қатысты.

Соңғы жаңалықтар