Алматы әкімі Сингапур мен Португалия дипломаттарымен кездесті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов Сингапур Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Зулкифли бин Бахаруддин мен Португалия Республикасының Қазақстандағы Уақытша Сенімді өкілі Алешандре Потш Дуарте де Жезушпен кездесті.
None
None

Қала басшысы кездесу барысында Алматының Сингапур мен Португалияның инвесторлары және туристері үшін қашанда ашықтығын және Қазақстанның қаржы, білім, ғылым, туризм, мәдениет және спорт орталығы екендігін атап өтті.

Бүгінгі таңда Алматыда Сингапур капиталының қатысуымен 50 компания және 20 бірлескен кәсіпорын жұмыс жасайды. 2015 жылдың қаңтар-наурыз айларында Алматы мен Сингапур арасындағы тауар айналымы 10,1 млн. АҚШ долларын құраған.

Жүздесу барысында сондай-ақ, португалдық дипломат бүгінгі таңда Алматы мен Португалияның өзара ынтымақтастығы әлі қалыптасу кезеңінде екендігін атап өтті. Алматыда қазір Португалия капиталының қатысуымен небәрі 3 кәсіпорын және 3 бірлескен кәсіпорын тіркелген. Үстіміздегі жылдың қаңтар-наурыз айларында Алматы мен Португалия арасындағы тауар айналымы 3,3 млн. АҚШ долларын құрады.

Қала әкімі қонақтарды Алматының басымдықты жобаларына белсенді түрде қатысуға шақырды. А. Есімов «Инновациялық технологиялар паркі» Еркін экономикалық аймағының аумағы кеңейтілетіндігін, ал бұл Сингапур мен Португалияның IT-инвесторларына жаңа мүмкіндіктер ашатындығын атап көрсетті. Сондай-ақ, қонақтарға Алматы қаласының қаржы және туризм саласына, Алатау ауданындағы Индустриялық аймақты дамытуға қатысу ұсынылды.

«Жоғарыда атап өтілген жобаларды біз мемлекеттік-жеке серіктестік қағидасы бойынша жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Оларға шетелдік капитал тартылады. Маңыздысы сол, бұл жобалардың барлығы мемлекеттің тікелей қатысуымен жүзеге асырылады. Сондықтан да олар инвестиция жұмсауға өте тартымды» - деді Ахметжан Есімов.

Өз кезегінде елшілер әкімнің жылы шыраймен қабылдағанына ризашылықтарын білдірді және өзара әріптестікті дамытудың тағы бірқатар бағыттарын талқылады.

Соңғы жаңалықтар