17:42, 15 Қаңтар 2009 | GMT +5
«Алматы Ауыр машина жасау зауыты» жұмысшылары кәсіпорынның жабылуына қарсы
АЛМАТЫ. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Бүгін Алматыда ауыр машина жасау зауытының жұмысшылары кәсіпорынның жабылуына қарсылықтарын білдіріп баспасөз мәслихатын өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кәсіпорын жұмысшыларының айтуларына қарағанда, 2007 жылдың мамыр айында «Алматы ауыр машина жасау зауыты» акционерлік қоғамына қарасты жер мен ғимараттар сатылып кеткен. Белгілі болғандай, мемлекеттен алынған жер телімі акционерлік қоғамға мүлдем қатысы жоқ 3 фирманың қолына өтеді. Зауыт меншігін сатып алушылардың бірі ?«ARTIS ESTATES» ЖШС 2008 жылдан бастап кәсіпорынның әкімшілік ғимаратын босатқызады. Бұндай келеңсіздіктің орын алуына зауытқа тиесілі нысандар мен сол нысандар орналасқан жердің басқа компаниялардың қарамағына өтіп кетуі басты себеп болып отыр. Жұмысшылар зауытты жабуға ешқандай негіз жоқ екендіктерін айтуда. Олар осы мәселеге қоғамның, мемлекеттік органдардың назарын аудартпақшы. «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ-ның ақпараты бойынша, осында басқа өндіріс орны құрылмақ. Алайда жұмыскерлер бұл жерде тағы бір кәсіпорынның ашылатындығына күмәнмен қарап отыр. Баспасөз мәслихатын ұйымдастырушы «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовтың айтуынша, осылайша зауыт иелігін инвесторлардың талан-таражға салуы 1 мыңнан астам адамның жұмыссыз қалуына әкеліп соғуы мүмкін.«Бұл зауыт - Қазақстандағы аса ірі өнеркәсіп орындарының бірі. Оны жауып тастайтындай жұмысы тығырыққа тіреліп тұр деп айтуға болмайды. Зауыт толықтай жұмыс істеп тұр, заманауи құрал-жабдықтармен жарақтанған, білікті мамандары бар. Еңбеккерлер жалақыларын уақытында алып тұрады. Ал инвестор атын жамылған көлденең компаниялардың кесірінен кәсіпорын жұмысын тоқтатса, еліміз көп салалы машина жасау зауытынан айырылады. Осыған орай, жұмысшылар ел үкіметінен зауыт акцияларын сатып алуын сұрап отыр», дейді М. Елеусізов.