Алматы ауыр машина жасау зауытын қала сыртына көшіру үшін 60 млрд теңге қажет – Ерболат Досаев

Алмалы ауданының тұрғыны 600 отбасының атынан әкімге жүгінді. Оның айтуынша, олардың тұрғын үй кешені Төле би-Жароков мекенжайы бойынша Алматы ауыр машина жасау зауытының (АЗТМ) жанында орналасқан.
«Біз жаңа үйге 2021 жылы кірдік. Қазір тұрғындар күрделі мәселеге тап болып отыр. Біздің үйдің жанында орнналасқан ауыр машина жасау зауыты ауаға зиянды заттар шығарады, қатты шу естіледі. Экология басқармасы мен қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жүгіндік, алайда әлі күнге дейін мардымды жауап алмадық. Ал зауыт өкілдері болса, бізге бұл аумақта шығарындыларды шығаратын өнеркәсіптік кәсіпорындардың көп екенін айтты. Бұдан біздің балаларымыз бен денсаулығымыз зардап шегеді. Бұл зауыт қаланың сыртына шығарыла ма?» — деп сұрады алматылық әйел Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесуге келген әкімнен.
Өз кезегінде Ерболат Досаев Алматы ауыр машина жасау зауытын басқа жерге көшіруге тырысамын деп жауап берді.
«Aталған зауытқа қатысты бізде идея бар. Көшіруге тырысамыз. Зауытта бүгінде 350-ге жуық адам жұмыс істейді. Қалада екінші жобамыз да бар – Киров атындағы зауыт. Оларды қайта құруды болжап отырмыз, бірақ мәселе қаржысында болып тұр. Зауытты көшірудің нақты мерзімін айта алмаймын. Өйткені, оған шамамен 40-тан 60 млрд теңгеге дейін қаражат қажет», - деді әкім.
Ал, әкімнің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров қазір көшіру жұмыстары жүріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, барлық ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар қаланың шетіне көшіріледі. Бұл әлемдік тәжірибе.
Айта кетейік, Алматы ауыр машина жасау зауыты» 1941 жылы негізі қаланған ірі кәсіпорын. Алғашында соғысқа қажетті өнім шығарған өндіріс 1946 жылдан бастап бейбіт мақсаттағы миссияға көшкен. Сол жылдардан бастап металлургияға қажетті құрал-жабдық өндірісі жолға қойылып келеді.