Алматы барахолкасында қақтығысқа шақырғандар анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди Алматының «барахолкасында» қақтығыс туғызбақ болған арандатушылардың анықталғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы барахолкасында қақтығысқа шақырғандар анықталды

«Олар ұсталды деп айта алмаймын. Бірақ анықталды. Олардың барлығы бойынша жұмыс атқарылады. Себебі ол жерде жанжалға шақыру бойынша әкімшілік те, қылмыстық та құрам бар», - деді Алексей Калайчиди ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатынан кейін тілшілерге.

Айта кету керек, кеше қайғылы оқиғадан кейін әлеуметітк желіде Алматы базарында көпшілікті қақтығысқа шақырған адамдардың видеосы тараған болатын.

Еске сала кетейік, 7 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы Масанчи ауылының тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. Көп өтпей Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай төбелеске қатысты пікір білдірген-ді.

«Жамбыл облысы Қордай ауданында бұзақылық сипаттағы жаппай төбелес болды. Оны арандатушылар өз пайдасына қолданбақ болған. Полиция жағдайды реттеп, өз бақылауына алды. Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапкершілікке тартылады» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter парақшасында.

Кеше Мемлекет басшысы Жамбыл облысындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасады.