Алматы бюджетке қаржы құюда өңірлерді басып озды

«Қазіргі уақытта төрт өңір (Атырау, Маңғыстау облыстары мен Астана және Алматы қалалары) донор саналады. Қалған облыстар жәрдем қаржы алады», - делінген ресми жауапта.
Ведомство мәліметінше, 2017 жылға арналған бюджет алымдары 236,8 млрд. теңге және республикалық бюджеттен облыс бюджеттеріне берілетін жәрдем қаржы 1 488,3 млрд. теңге көлемінде белгіленген. Донорлар Атырау мен Маңғыстау облыстары, Алматы мен Астана қалалары 2017 жылы республикалық бюджетке сәйкесінше 93 млрд., 28,9 млрд., 95,2 млрд. және 19 млрд. теңге төлеуі тиіс.
Мұнан бөлек, министрлік ҚазАқпаратқа өңірлерге бөлінетін жәрдем қаржы көлемін де мәлім етті. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен Оңтүстік Қазақстан облысына 368,7 млрд., Шығыс Қазақстанға 154,1 млрд., Алматы облысына 149,3 млрд. теңге бөлінеді. Ал Павлодар облысына 43,9 млрд., Батыс Қазақстанға 47,5 млрд., Ақтөбе облысына 52 млрд. теңге беріледі.
Ұлттық экономика министрлігінің нақтылауынша, жергілікті бюджеттің кірісі мен шығысының ара қатынасы облыстық донор немесе жәрдем қаржы алатын өңір екендігін айқындаудағы басты параметр саналады.
Айта кетейік, жәрдем қаржы (субвенция) жоғары тұрған бюджеттен төменгі бюджетке белгілі бір мақсаттарға байланысты бөлінетін ақша қаражаты. Дотацияға қарағанда бұл қаражат тиімсіз пайдаланылған немесе белгіленген мерзімде пайдаланылмаған жағдайда кері қайтарылады.