12:55, 07 Қараша 2013 | GMT +5
Алматы ДДҰ-ның медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша астанасы болады - Е. Байжүнісов
АЛМАТЫ. 7 қараша. ҚазАқпарат - 35 жыл бұрын денсаулық сақтау жүйесінде ең үздік деп танылған Қазақстанның медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) моделі әлемдік денсаулық сақтау саласын дамытудың негізгі үлгілерінің бірінен саналады. Бұл туралы Алматыда өтіп жатқан Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі Алматы декларациясының 35 жылдығына арналған халықаралық конференцияда айтылды.

«Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі Алматы декларациясы қабылданғаннан кейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 5 жыл сайын осында конференция өткізеді. Онда медициналық-санитариялық алғашқы көмектің дамуы туралы кеңес өткізіліп, тұжырымдар жасалады. Ал биылғы конференцияның орны өте бөлек. Бұл ең алдымен әлемде алғаш рет Алматыда 2014 жылы ДДҰ МСАК жөніндегі кеңсесі ашылатынына байланысты», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ерік Байжүнісов. Оның айтуынша, Алматы әлемдегі медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымының астанасына айналмақ.