Алматы іргесіндегі «Сұңқар» тәлімбағында жасанды жолмен өсірілген 5 балапан бүркіт табиғат аясына жіберіледі (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы іргесіндегі Алмаарасан шатқалында орналасқан «Сұңқар» жыртқыш құстар тәлімбағында жасанды жолмен өсірілген бүркіт балапандары жаңа ұяларға, яғни вольерге шығарылды. Олар көп ұзамай табиғат аясына жіберілетін болады.
None
None

Бүгін журналистерге берген сұхбатында «Сұңқар» тәлімбағының директоры Ашот Анзоров бүркіттердің не үшін жасанды жолмен өсіріліп, табиғатқа жіберілетіндігін түсіндіріп берді.

«Табиғатта табиғи іріктелу, табиғи шығын деген болады ғой. Яғни, әлсіз, өмірге бейімделмеген құс өледі. Оның үстіне бүркіт жылына бар болғаны бір немесе екі жұмыртқа ғана салады. Ал біз, мамандардың арқасында сол шығындарды азайтып, құстардың көбеюіне жол ашамыз. Біз тіпті эмбрионның жұмыртқада дұрыс дамуына көмек көрсете аламыз. Бұл үшін, бүркіт жұмыртқалаған кезде, оның жұмыртқасы бүркітке байқатпай алынып, орнына өтірік жұмыртқа, яғни муляж қойылады. Ал шын жұмыртқа 45 күн инкубаторда 37,3 градус және 60-90 пайыздық ылғалдылықта сақталады. Жұмыртқаны жарып шыққан соң, балапан 2 айдан астам уақытқа «ата-анасына» қайтарылады. Аталық бүркіт пен аналық бүркіт балапандарын жақсы қабылдайды. Оларды бауырына басады, қоректендіреді, тәрбиелейді», - деді А. Анзоров.

Сонымен қатар, ол бүркіттің балапандары табиғатқа 4-5 айлығында жіберілетіндігін айтты. Оған дейін олар, аталық және аналық бүркіттен бөлектендіріліп, екі айға жуық уақыт жеке үлкен вольерлерде, яғни торлы орындарда ұсталынады. Ондағы мақсат - жас бүркіттерді табиғат заңдылығына барынша бейімдеу.

«Бұл кезде құстардың адамдармен байланысы мүлдем тоқтатылады. Тек тәлімбақтың бір ғана қызметкері күннің көзі көрінбей тұрып, таңертең оларға қорек әкеп беріп тұрады. Басқа ешкім бармайды. Бұл вольерлер тәлімбақтың көзге көрінбейтін ең шет жерінде орналасқан. Вольерлердің аумағы үлкен. Онда жас бүркіттер жоғары-төмен ұшып, қанаттарын шынықтырады. Оларға қорек ретінде тауықтың балапандары, қояндар, зертханалық егеуқұйрықтар, кептерлер жіберіледі. Жас бүркіттер оларды аңдып,  ұстап, өлтіріп, қоректенуге үйренеді. Бір вольерде әдетте 1-2 бүркіттен болады»,  - деді А. Анзоров.

Сонымен биыл шілде айының соңы мен тамыз айының басында жабайы табиғат аясына 5 балапан бүркіт ұшырылады. Анзор Амиранұлының айтуынша, ұшыруды бұл мезгілден кешіктіруге болмайды. Өйткені, дәл осы кезде табиғатта жас құстар, сарышұнақтар көп болады. Ал оларды аулау жас бүркіттерге оңайға түседі.

Айта кетелік, ҚР Білім және ғылым  министрлігіне қарасты «Зоология» институты, «Эфес Қазақстан» АҚ және «Сұңқар» тәлімбағының қолдауымен 2012 жылдан бері елімізде «Өз үлесіңді қос. Табиғатты сақта» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып келеді. Жеке меншік иелігіндегі «Сұңқар» тәлімбағынан 2013 жылы - 7, 2014 жылы  - 4 және 2015 жылы - 4 бүркіт табиғатқа жіберілген.  

Бүркіттер табиғат аясына күні бүгінге дейін Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан «Манул» аңшылық шаруашылығына, сонымен қатар, Арқарлы және Серіктас тауларына жіберіліп келіпті.

Деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстанда табиғат жағдайындағы бүркіттердің саны - 2 мың басты құрайды. 

null null null null null null null null null null null null null null null null  

 

Соңғы жаңалықтар