Алматы қаласында Мәжіліс депутаттары Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен бір топ тыл еңбеккерлерін құттықтады

Парламент Мәжілісі мен «Нұр Отан» партиясының осы Палатадағы фракциясы ұйымдастырған бұл шара Алматы қаласында, бұрынғы Жоғарғы Кеңестің ғимаратында өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Динар Нөкетаева Мәжілістің Төрағасы, «Нұр Отан» ХДП фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджановтың құттықтау лебізін жеткізді. Ардақты ардагерлердің жүріп өткен жолдары, майдан даласында жасаған қайсарлық пен ерліктері өскелең ұрпаққа үлгі екенін айтты. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Үкімет, Парламент депутаттары ардагерлердің жағдайын жақсарту үшін барлық мүмкіндікті жасап отыр. Қаһармандарымыздың ерліктерін құрметтеу, ардагерлердің қамын ойлау, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу - біздің міндетіміз»,- деді депутат Д.Нөкетаева.
Мәжіліс депутаты Тұрарбек Асанов биылғы Елбасы Жолдауына сәйкес соғыс ардагерлеріне және тылда еңбек еткен адамдарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау жасалып отырғанын, ел бюджетіне толықтырулар енгізілгенін айта келіп, осы орайда Алматы қаласы да аға ұрпақ өкілдеріне қамқорлық жасауды дәстүрге айналдырып келе жатқанын жеткізді.
Келесі кезекте сөз алған Мәжіліс депутаты Гүлмира Исімбаева «Соғыс ардагерлері Ұлы Жеңісті жақындатқандар! Бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған жандар. Біз соғыс жауынгерлерінің балаларымыз. Менің әкем панфиловшы болған. Сондықтан бұл - Ұлы Жеңіс. Біз аға ұрпақ салған бейбіт жолмен келе жатырмыз. Екінші дүниежүзілік соғыс - әлемдегі соңғы соғыс болсын!»- дей келіп, ардагерлерді құттықтау салтанаты еліміздің тарихи ғимаратында өтіп отырғанын мәлімдеді.
Айта кету керек, Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің Парламенттегі бастауыш ұйымының мұрындық болуымен Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай кітапша шығарылған. Онда ардагерлердің майдандағы ерліктері мен соғыстан кейінгі еңбек жолдары баяндалған.
Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайхуддинов зейнеткерлерге жасалып жатқан қолдау туралы пікірін білдірді. Соғыс және еңбек ардагерлері Ізгілік Дабаев, Евгений Сафронов, Райхан Жалмурзина, Сара Базарқұлова және басқалар сөз сөйлеп, осы шараны ұйымдастырғандарға ризашылықтарын білдірді.
Ардагерлер құрметіне Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері шағын концерт берді. Қадірлі меймандарға гүл шоқтары мен парламенттік сыйлықтар табыс етілді.