19:54, 11 Қаңтар 2012 | GMT +5
Алматы қаласында жұқпалы дертке шалдыққандар саны азайды
АЛМАТЫ. 11 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - 2011 жылдың қорытындысы бойынша Алматы қаласында жұқпалы дерттің 10 нозологиясы бойынша дерттерге шалдыққандар, соның ішінде сальмонеллез, дизентерия, листериоз, вирусты гепатитпен ауырғандар саны азайды.
Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
"Жұқпалы ішек ауруларын, тамақтан улануды, сальмонеллезді болдырмау немесе олардың алдын алу мақсатында санэпидқадағалауқызметі нақтылы ұсыныстарды айта отырып, тұрақты мониторинг жүргізді, соның арқасында оң өзгерістерге қол жеткізілді. Сонымен қатар, Алматы қаласының әкімдігі және басқа да құзырлы ведомстволармен бірлесе отырып, өткен жыл ішінде ас өнімдерін сатумен айналысатын дүңгіршектерді демонтаждау, көше саудасын болдырмау барысында нақтылы шараларды жүзеге асырды. Нәтижесінде, жұқпалы ішек және сальмонеллезбен ауырғандар саны 4 пайызға төмендеді. «Жабайы» сауда орындарының қатарын азайту шаралары биыл да жалғасын табатын болады", - делінген таратылған хабарламада.