Алматы қаласындағы апаттық-құтқару жұмыстарына 1758 адам жұмылдырылған
Ортақ күш салудың арқасында селден зардап шеккен аудандардан 18 690 текше метр сел батпағы шығарылды.
Апат салдарын жою шараларына қосымша ІІМ Ұлттық гвардиясының Азаматтық қорғаныс полктерінің Алматы және Қарағанды облыстарынан жалпы саны 270 адамнан тұратын күштері мен құралдарын және инженерлік техниканы шығаруға дайындық жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚР ІІМ ТЖ комитенінің баспасөз қызметінен.
Авиацияның «Қазәуеқұтқару» АҚ мен Алматы қаласының құтқару қызметі тікұшақтарымен кезекшілік жүргізуі жалғастырылуда.
«Қазселқорғау» ММ Қарғалы өзеніндегі су өту жағдайының тұрақты мониторингін жүргізу үстінде. Судың шығындалуы секундына 2.8 текше метрді құрап отыр. Су деңгейінің көтерілу қаупі жоқ.
Құрылған комиссия Алматы қаласының Наурызбай, Алатау және Әуезов аудандарындағы үйлер мен нысандарды зерттеуі жалғастырылуда. Бүгінде селден 456 үй зардап шеккені, соның ішінде 9 үй бұзылғаны, 44 көше, 35 көлікті су басқаны анықталған.
Алматы қалалық ТЖД-нің жедел штабы мен Наурызбай ауданының әкімдігіне 70-ден астам адам көмек сұрап келді. Алматы қалалық ТЖД-нің «жедел желісінің» телефонына қала тұрғындарынан 147 өтінім мен сұрау келіп түскен.
Апаттар медицинасы орталығы мен «103» қызметі тарапынан зардап шеккен 120 адамға медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.