Алматы қаласының мыңжылдығы атап өтілді

Бұл датаның ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуі Алматының өңірлік және жаһандық дамудағы бірегей рөлінің айрықша екенін көрсетеді.
- Алатау бөктеріндегі қастерлі өлке өз тарихында көп нәрсені басынан өткерді. Бұл жерден алып Еуразияның шығысы мен батысын, солтүстігі мен оңтүстігін жалғаған алғашқы сауда жолы және жалпыадамзаттық магистраль - Ұлы Жібек жолы өткен. Бес жүз елу жыл бұрын Жетісу Қазақ хандығының бесігі болды. Бұл жерде бүкіл Орталық Азия аймағының урбанистік мәдениетінің басты ошағының бірі пайда болды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев мыңжылдық мерейтойға сый ретінде ашылған жаңа спорт кешені - «Алматы Арена» мұз сарайында өткен салтанатты кеште.
Елбасы басты назарында екенін атап өтті.
- Былтыр қаланың 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы қабылданды. Ол тұрғындардың өмірін, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, бизнес үшін қолайлы жағдайлар туғызу жөніндегі нақты шараларды қамтиды. Қазіргі Алматы - Қазақстанның батыл әрі қарқынды дамуының көрінісі. Соңғы 5 жылдың өзінде қала аумағы 2 есе өсті. Тұрғындардың жалпы саны - бір миллион жеті жүз адам. Алматы метрополитенінде қазірдің өзінде 30 миллионнан астам жолаушы тасымалданды. 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы басталады. Ол «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық магистралінің бір бөлігі болмақ. «Инновациялық технологиялар саябағы» арнайы экономикалық аймағы құрылып дамытылуда, - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Елбасы республикадағы барлық кәсіпкерлік сектордағы өндірілетін өнім мен көрсетілетін қызметтің төрттен бірін қамтитын шағын және орта бизнес субъектілерінің маңызды рөліне тоқталып өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ қысқы Универсиадаға дайындық халықтың жұмыспен көбірек қамтылуына, қаланың туристік саласының дамуына жаңа серпін бергеніне назар аударды.
Мемлекет басшысы 2017 жылғы Дүниежүзілік қысқы универсиада өтетін басты нысандардың бірі - «Халық Арена» спорт кешенінде болып, көпбейінді мұз айдынының қызметімен танысты. 3 мың көрерменге арналған мұз айдыны хоккей жарыстарын өткізуге лайықталған. Мемлекет басшысына Универсиададан кейін «Халық арена» көпбейінді кешенін қалалық хоккей командаларының ойын алаңына, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, сондай-ақ жаппай халықтық сырғанақ орталығына айналдыру жоспарланып отырғандығы айтылды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы «Дәстүрлі музыка мультимедиялық орталығымен» танысты. Онда Ықылас атындағы халық аспаптары музейі, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік музей, Алматы қаласының тарих музейі, сондай-ақ мемлекеттік мұрағаттар қорларынан алынған қазақ өнерінің көрнекті қайраткерлері қолданған бірегей аспаптар көрермендер назарына ұсынылған. Нұрсұлтан Назарбаев орталыққа өзінің жеке домбырасы мен әйгілі күйші Дина Нұрпейісоваға арналған «Дала әуендері» атты мүсінді тарту етті.
Мерейтой аясында Тұңғыш Президент саябағында алматылықтардың сүйікті мерекесіне айналып үлгерген дәстүрлі Алма фестивалі өтті. Биыл алты аймақтан құралған фестиваль алаңындағы «Аpple Базар» аймағына 150 тонна алма әкелінді.
Алматының мыңжылдық мерейтойын атап өту салтанаты Apple Fire мерекелік отшашуымен аяқталды.