Алматы қаласының жылыту мерзіміне дайындығы тексерілді
Энергокәсіпорындар басшыларының мәлімдеуінше, күзгі-қысқы маусым алдында барлық бағыттар бойынша дайындық жұмыстары қарқынды жүруде.
«Қазіргі кезде қысқы маусымға қазандықтардың 40%-ы, инженерлік желілердің 45%-ы, тұрғын үйлердің 33%-ы, білім нысандарының 54%-ы, денсаулық сақтау нысандарының 61%-ы дайын. Дайындық маусымы барысында 71 энергоблок, 72 қазандық жөндеуден өтеді. Ескі құбырлардың жарамдылығы да тексеріліп жатыр, гидравликалық және температуралық сынақ кезінде құбырлардан 1078 ақау табылды, оның 95%-ы қалпына келтірілді», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Алматыда жылу жүйесінің 64%-ы тозған. 2008-2014 жылдары ұзындығы 120 шақырым болатын жылу магистралі жөнделді. Оған 47 млрд теңге салынып, апатты жағдайлардың санын 20 пайызға азайтуға мүмкіндік берді.
Қала әкімінің орынбасары Ербол Шорманов білім беру, денсаулық сақтау және басқа әлеуметтік мекемелер орналасқан нысандардың дер кезінде дайын болуын қадап айтты.
Отырыс барысында көпқабатты үйлерге ортақ есептеу құралдарын орнату мәселесі де сөз болды. Бұл іс биылғы жылдың аяғына дейін аяқталуы тиіс.
Аудан әкімдеріне, Тұрғын үй басқармасы мен тұрғын үй инспекциясына көпқабатты үйлерге автоматтандырылған жылу пункттерін (АЖП) орнату тапсырылды. Мамандардың айтуынша, ол жылу энергиясы мен тұтынушылар қаржысын едәуір үнемдеуге мүмкіндік береді.