Алматы криминалдық полициясы танысын өлтіруге тапсырыс берген азаматты ұстады
АСТАНА. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алматы қаласында криминалдық полиция қызметкерлері 33 жастағы танысын өлтіруге тапсырыс берген қаланың 29 жастағы тұрғынын қолға түсірді.
Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінде хабарланды.
«Ер адам қараша айының басында өзінің ауласында атылған болатын. Жәбірленуші банктердің бірінде қызмет атқарған. Олар іске қатысы бар үшінші тараптағы сыбайласпен бірлесіп, алаяқтық жолымен пластикалық карточкалардан ақша алып отырған. Осылайша, жәбірленушіге 7 миллион теңге көлеміндегі ақшаны бермеу үшін 29 жастағы ер адам оның көзін құртуды ойлайды. Анықталғандай, аталған тапсырысты орындаған 28 жастағы Павлодар облысының тұрғыны, ал ұйымдастырушы Алматы облысының 33 жастағы тұрғыны болып шықты»,-делінген таратылған мәліметте.
Құрықталған тапсырыс беруші мен ұйымдастырушы қамауға алынып, ал орындаушы атыс қаруынан жараланған күйде Павлодар облысындағы медициналық мекемеде жатыр. Ол полиция күзетінің бақылауына алынған. Дәлелдік базаны нығайту мақсатында кешенді шаралар жүргізілуде.