Алматы маңы қаңғыбастардан тазартылып жатыр

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Өткен төрт күннің ішінде Алматы қаласына жақын өңірлерде 100-ден астам қаңғыбас адамдар ұсталып, арнайы қабылдау орындарына тапсырылды.  Еске сала кетейік, Алматы облысының оңтүстік өңірлеріндегі бес ауданда «Құқықтық тәртіп» шарасы басталған болатын. Оның мақсаты 28-і Қысқы Универсиада қарсаңында жедел жағдайдың тұрақтығын қамтамасыз ету болып табылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы маңы қаңғыбастардан тазартылып жатыр

Полиция қызметкерлерінің алдын алу шарасы Универсиадаға дейінгі 6-25 қаңтар аралығында өтеді.  Негізгі мәселе қоғамдық қауіпсіздікке, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымына, көші-қон заңнамасы бұзушылықтарын болдырмауға, қылмыскерлер мен із-түссіз жоғалғандарды іздестіруге баса назар аударуда болып отыр.

«Төрт күннің ішінде арнайы орындарға 100-ге жуық тұрғылықты мекен жайы жоқ азаматтар жеткізілді. Олар негізінен Қарасай, Талғар, Жамбыл, Іле және Еңбекшіқазақ аудандарында ұсталған әрі ешқандай да жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсетпеген. Олардың басым бөлігі Қазақстанға жұмыс іздеп келген көршілес елдердің азаматтары болып отыр. Ондай азаматтардың әрбіреуінің жеке басын анықтауға бір айға жуық уақыт кетеді», - делінген облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Рейд барысында полиция қызметкерлері көші-қон заңнамасын бұзған 295 адамды жауапқа тартты. Олардың 194-і  - шетел  азаматтары.