Алматы маңындағы ұшақ апатына байланысты Қазақстанның Бас мүфтиі көңіл айтты

«Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Үстіміздегі жылдың 29 қаңтарында түс ауа Көкшетау-Алматы бағыты бойынша қатынайтын СКАТ әуекомпаниясы жолаушылар ұшағының Алматы маңында апатқа ұшырағаны туралы суық хабар тарады. Әуе кемесінде болған 20-22 отандас бауырларымыздың қаза болғанын естіп, қабырғамыз қайысып, барша халқымыз қасырет шегуде. Опат болғандардың туған-туыстарына, жақын-жұрағаттарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Бір Алла жар болсын!
Қайғылы оқиға жетісімен, еліміздегі барлық мешіт имамдарына бақилық болғандарға Алладан медет, пайғамбардан шапағат тілеп, дұға етуге пәрмен бердім.
Мүбарак Құранда: «Әрине, сендерді қayiп-қатер, ашаршылық және малдардан, жандардан сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед ғ.с. сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр! Қашан оларға бip қайғы жетсе: «Олар шын мәнінде біз Алладан келдік және Аллаға қайтып ораламыз деді» («Бақара» сүресі, 155-156-аяттар), - делінген.
Иә, адам өмірі өлшеулі. Кімнің қашан дәм-тұзы таусылатыны тек бір Аллаға аян. Жалған өмірді қамшының сабына теңеген ата-бабаларымыз бес күндік дүниені жақсылықпен өткізуді өсиет еткен. Пайғамбармыз да (с.ғ.с.) мына жалғанда жолаушыдай өмір сүруді абзал көрген. Хакім Абайдың да айтары осы: «Адамзат - бүгін адам, ертең - топырақ».
Жаратушы Иеміз елімізді, жерімізді тосыннан келетін аппаттардан сақтағай! Алла Тағала қазаның артын қайырлы еткей!»- делінген Бас мүфтидің көңіл айту жеделхатында.