Алматы маңындағы ұшақ апатынан ІІМ Құрметті ардагері Рүстем Қайдаров қаза тапты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алматы маңында апатқа ұшыраған ұшақ жолаушыларының ішінде ІІМ-нің Құрметті ардагері Рүстем Қайдаров та болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ішкі істер министрі және ІІМ-нің жеке құрамы Рүстем Есімханұлының туған- туыстарына, жақын-жуықтарына қайғырып көңіл айтты.

Рүстем Қайдаров - әділет генерал-майоры, өз еңбек жолын қарапайым тергеушіден бастап, Ішкі істер министрінің бірінші орынбасарына дейін көтерілді.

Рүстем Есімханұлы қазақстандық полицияның қалыптасуы мен дамуына, қылмыспен күреске және қоғамдық тәртіпті сақтауға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздің әр түпкірінде басшылық лауазымда лайықты қызмет атқарып жүрген құқық қорғау жүйесінің көптеген қызметкерін тәрбиелеп шығарды.

«Ол құрметті еңбек демалысында жүрсе де қоғамдық өмірге белсене араласты, қазақстандық полицияның жаңа буынын патриоттық рухта тәрбиелеу, ұрпақтар сабақтастығын жалғау ісіне үлес қосты.

ІІМ-нің Құрметті ардагері Рүстем Есімханұлы Қайдаровтың қайғылы қазасы бүкіл еліміздің құқық қорғау жүйесіне орны толмас ауыр қайғы екені сөзсіз», -делінген хабарламада.

Айта кетейік, бүгін таңертең Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті.

Кейін 95 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.

ҚР ДСМ ұшақ апатынан зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін ресурстар жеткілікті екенін, қан тапсырудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді.



Соңғы жаңалықтар