Almaty Marathon шетелдік қатысушылар саны бойынша рекорд жаңартты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 66 елден 16 мың қатысушы жиналған Almaty Marathon марафоны өтті.
Биыл марафонда екі рекорд тіркелді. Шетелдік қатысушылар саны 1 534 адамға жетті. Бұл — марафон тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. 42,2 шақырымдық негізгі қашықтыққа 1 614 адам қатысты.
Жарыс бағдарламасына 42,2, 21,1 және 10 шақырымдық қашықтық, скандинавиялық жүріс және командалық «Экиден» эстафетасы кірді.
Шетелдік қатысушылардың арасында Ресей азаматтары көп болды. Марафонға 550 ресейлік азамат қатысты. Сондай-ақ жарысқа Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия, Испания, Швейцария, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Жапония, Үндістан, Малайзия, Филиппин, Индонезия және Сингапурдан келген спортшылар қатысты.
Сондай-ақ Солтүстік және Оңтүстік Америка, Аустралия және Африка құрлығынан Канада, Бразилия, Аргентина, Аустралия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Африка Республикасы, Марокко, Кения және Нигерия өкілдері жарысқа шықты.
Марафонға 2018 жылғы Бостон марафонының жеңімпазы, жапониялық спортшы Юки Каваучи қатысты. Бұл оның Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы жарысы болды.
Биыл марафон бағыты 2018 жылдан бері алғаш рет толық жаңартылды. 42,2 шақырымдық қашықтық қала орталығы мен тарихи бөліктер арқылы бір айналыммен өтті. Жарыс Абай алаңынан басталып, Республика алаңында аяқталды.
Жарыс кезінде қауіпсіздік пен медициналық көмекке қалалық және жедел қызметтер тартылды. Жол бойында жеті медициналық шатыр, ал мәреде екі кеңейтілген медициналық пункт жұмыс істеді.
Жарыс барысы қалалық бейнебақылау камералары арқылы бақыланды.
Еске салайық, Алматыда жексенбі күні марафонға байланысты бірнеше жол жабылатыны хабарланды.