Алматы мәслихаты 2011 жылғы қала бюджетін бекітті

Мәжілісте Алматы қаласы Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бастығы Сардар Қабдолов баяндама жасады. Оның айтуынша, қала бюджетінің кіріс және шығыс бөлігі 97 миллиард 777 миллион 895 мың теңгеге ұлғайған. Оның 81 миллиард 149 миллион 399 мың теңге көлемі республикалық бюджеттен мақсатты транферттер есебінен, ал 16 миллиард 628 миллион 496 мың теңге 2010 жылғы бюджет қалдығын бөлу есебінен ұлғайған.
Республикалық бюджеттің трансферттері білімге, денсаулыққа, әлеуметтік қамтамасыз етуге, спортқа, көлік және байланысқа, жылу-энергетикалық кешенге, тұрғын үй-комуналдық шаруашылығына, құрылыс салуға және тұрғын үй сатып алу үшін Алматы қаласының бюджетін несиелендіруге бөлінбек.
Жиында 2010 жылғы қала бюджетінің орындалу қорытындысы бойынша жыл соңында 16 миллиард 628 миллион 496 мың теңге көлемінде еркін қалдық қалды деп айтылды. Оның 4 миллиард 255 миллион 874 мың теңге көлемі республикалық бюджет есебінен қалған ауыспалы шығыстар, 2 миллиард 365 миллион 833 мың теңге көлемі жергілікті бюджеттен.
Сессия жұмысына Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов қатысты.