Алматы мектептерінде 19 мыңнан аса балаға орын жетпейді

Бүгінде мегаполисте 19 600 балаға орын жетпейді. Аталған мәселе 2022-2024 жылдарға арналған Алматы қаласын дамыту жоспары арқылы шешілуі мүмкін. Қала әкімі Ерболат Досаевтың сөзінше, былтыр қалада 12 мыңнан астам орынға арналған заманауи үлгідегі 8 мемлекеттік мектеп салу үшін ауқымды жоба басталды. Оның ішінде 7800 орындық 5 мектеп Алатау ауданында ашылатын болады.
«Алайда, алдын ала есептеуіміз бойынша жаңа 7800 оқушы орнының пайдалануға берілгеніне қарамастан, жалпы қала, әр аудан бойынша білім алушылардың жыл сайын өсуіне байланысты мектептерде 3 мыңға жуық орын тапшылығы сақталады. Құрылыстан басқа, бұдан әрі ғимараттар мен жер учаскелерін жекеменшік иелерінен сатып алумен қатар, басқа да тетіктер қолданылатын болады. Қазір ықтимал нұсқалар қаралып жатыр», - деді шаһар басшысы Алатау ауданы тұрғындарымен кездесу кезінде.
Сонымен қатар, ол балабақша мәселесіне де тоқталды.
Бүгінгі күні Алматы қаласында 1-6 жас аралығындағы 41 200 бала кезекте тұр. Жыл басынан бері жеке балабақшаларда 1261 орын пайдалануға берілді.
«Нұркент» шағын ауданында 320 орындық және «Саялы» шағын ауданында 160 орындық 2 балабақша салу жоспарда»,- деді ол.
Мегаполисте балалардың мектептен тыс білім беру, спорт және шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуы үшін жергілікті бюджеттен 8,2 млрд теңге қарастырылған.