Алматы мен Астанада аутизмге шалдыққан балаларды емдеу орталықтары ашылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бүгін Бүкіләлемдік аутизм мәселесі туралы ақпараттарды тарату күні Болат Өтемұратовтың «Асыл мирас» жеке қайырымдылық қоры аутизм дертіне шалдыққан балаларға қолдау көрсетуге бағытталған «Аутизм. Әлем баршаға ортақ» бағдарламасының тұсауын кесті.
None
None

Қордың директоры Марат Айтмағамбетовтың айтуынша, бағдарламаның басты мақсаты - ерте диагностика жасау, оңалтау, инклюзивтік білім беру және әлеуметтік ықпалдасу жолдары арқылы аутизмге шалдыққан балалардың және олардың ата-аналарының өмір сүру сапасын арттыру. Бағдарлама аясында арнайы ресурстық орталықтар ашылмақ. Балалар ол жерлерде жоғары сапалы көмектер алатын болса, олардың ата-аналарына консультативтік және психологиялық көмектер көрсетіледі. «Осы жақын айларда Алматы мен Астана қалаларында екі ресурстық орталық ашуды жоспарлап отырмыз. Оларға лайықты үй-жайлар табылды. Қазір педагог мамандар іріктеліп алынып жатыр. Олар үшін осы сала бойынша есімдері әлемге әйгілі мамандардың қатысуымен арнайы тренингтер, семинарлар өткізіледі. Болашақта мұндай орталықтар Қызылорда мен Өскемен қалаларында да ашылады», - деді М.Айтмағамбетов. Бүгінгі шараға аутизм дертіне душар болған балалардың ата-аналарын біріктіретін «Ашық әлем» қоғамдық қорының президенті Әлия Архарова да қатысқан болатын. Оның айтуынша, осы бағдарламаның арқасында тұрғындар енді аутизм туралы дәйекті ақпараттар ала алатын болады. Сәйкесінше, аутизмнен зардап шегетін адамдарға қатысты қоғамдық пікір де өзгереді. Бүгінгі шараға қатысушылар ауаға 1,5 мың көк түсті әуе шарларын ұшырды. Көк түс - Бүкіләлемдік аутизм ұйымының түсі екені белгілі. Сонымен қатар ұйымдастырушылар халықаралық «Көк түспен жақ» акциясына Алматы әкімдігі мен «Dostyk Plaza» сауда ойын-сауық орталығының қатысып жатқандығын атап өтті. Бұл мекемелердің ғимараттары осы күндері көк түсті шамдармен сәулелендірілетін болады.

Соңғы жаңалықтар