Алматы мен Қытай өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі
Кездесу барысында қала әкімі ҚХР Бас консулын Алматыдағы дипломатиялық миссиясының басталуымен құттықтап, соңғы жылдары Алматы мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың елеулі түрде дамып жатқандығын атап өтті. Бұған ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға және Алматы қаласына жасаған ресми іссапары және сондай-ақ Қытайдың бірқатар аймақтарының басшыларымен және қытайлық компаниялардың өкілдерімен арада болған кездесулер оң әсерін тигізді. 2014 жылдың қаңтар-қараша айларында Алматы мен ҚХР арасындағы тауарайналымы 345,8 млн. АҚШ доларын құрады. Бұл Қазақстан мен Қытай арасындағы мемлекетаралық тауарайналымының төрттен бірі деген сөз. Қазіргі таңда оңтүстік астанада 45 бірлескен қазақстандық-қытайлық кәсіпорын және Қытай капиталының қатысуымен 134 кәсіпорын жұмыс істейді.
«Екі елдің басшылары - Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпиннің арқасында Қазақстан мен Қытайдың өзара қарым-қатынасы нығая түсуде. Мен өткен жылы Алматының қытайлық туыстас қаласы - Үрімшінің мэрі Ильхам Сабырды, Хубэй провинциясы партия комитетінің хатшысы Ли Хунчжунды қабылдаған едім. Сонымен қатар, Цзилинь, Цзянсу провинциялары, Шанхай, Чунцин, Далянь және басқа да қалалар Алматымен ынтымақтастық орнатуға мүдделілік танытып отыр», - деді Ахметжан Есімов.
Өз кезегінде Чжан Вэй Алматы мен Қытайдың сауда-экономика, мәдениет, ғылым, білім және басқа да салаларда өзара қарым-қатынасы жоғары деңгейге көтерілгендігін атап өтті.
«Алматы - табиғаты ғажап, әсем де замануи қала. Алматы мен Қытайдың өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуда әлеуеті өте жоғары», - деді сөз соңында Чжан Вэй.