15:30, 11 Сәуір 2018 | GMT +5
Алматы мен Ташкент арасына автобус қатынайтын болды
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Өзбекстан астанасында «Ташкент - Алматы - Ташкент» халықаралық автобус маршрутының ашылуы өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі Өзбекстан автомобиль көлігі агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ташкент - Алматы» халықаралық автобус маршрутының ашылуы 2018 жылдың 11 сәуірінде сағат 16-00-де «Ташкент» автовокзалында өтеді. 12 сәуірден бастап «Ташкент» автовокзалынан күніне 3 рейс (16:00, 17:00 және 18:00) қатынайтын болады. «Алматы - Ташкент» бағытындағы автобустар «Сайрам» автовокзалынан жолға шығады.
Маршруттың қашықтығы 818 шақырым, жол жүру уақыты - 16 сағат 30 минут. Жол ақысы 100 мың сум және сәйкесінше 4000 теңге.
Бұдан бөлек, автобус қозғалыстарының кестесін сақтау мақсатында кеденшілер мен шекарашылар «Ташкент - Алматы - Ташкент» бағыты бойынша жолға шыққан уақытта «Гишт куприк» бекеті (Өзбекстан) мен «Жібек жолы» бекетіндегі (Қазақстан) рәсімдерге байланысты мәселелерді шешті.