Алматы метрополитені 2015 жылы 10 млн. астам жолаушы тасымалдады (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы метрополитені 2015 жылы 10 млн. астам жолаушы тасымалдады. Бұл 2014 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 3 млн. астам адамға көп. Бұл туралы бүгін «Метрополитен» КМК баспасөз қызметі хабарлады.
None
None

«2015 жылы жолаушылар қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етілді. Өткен жылдың сәуір айында «Сайран» және «Мәскеу» метро бекеттері пайдалануға берілген болатын. Осылайша, метрополитен желісінің 11,3 шақырымға ұзартылуы жолаушылар легінің өсуіне оң әсер етті», делінген аталған кәсіпорынның жылдық қорытынды есебінде.

Сонымен, 2015 жылы Алматыда 10 млн. астам жолаушы жер асты көлігін пайдаланған (күніне шамамен 40 мың адам). Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 3 млн. астам адамға көп.
Сонымен қатар, өткен жылы 215 мүмкіндігі шектеулі жанға қызмет көрсетілді. Одан басқа, барлық метро бекеттеріне тактильді, яғни жанасу навигацияларын орнату арқылы зағип жандардың мәселесі шешілді.

Қауіпсіздік - «Метрополитен» КМК алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі. Сондықтан, барлық бекеттерге тексеріп қарау жабдықтары: аркалы металл іздегіш, қол металл іздегіштер, жарылыстан қорғау құрылғысы, рентген-теледидарлық құрылғылар, жарылғыш және есірткі заттарын тексеруге арналған қол детекторлары орнатылды.

Қазіргі таңда метрополитенде 29 қауіпсіздік жүйесі іске қосылған. Барлық бекеттер мен метро вагондарына бейнекамералар орнатылған және кинологтар жұмыс істейді.
Өткен жылы «Метрополитен» КМК-да көлік қауіпсіздігі қызметі құрылды. Оның қызметкерлері тәулік бойы бақылау жүргізеді.
Сонымен қатар, 2015 жылы әскери апаттық-құтқару қызметі базасында тұңғыш рет меншікті мемлекеттік емес өртке қарсы метро қызметі құрылды. Қазіргі таңда ол құтқару жұмыстарына қажетті барлық құрал-саймандармен толыққанды жарақтандырылған.

Сондай-ақ, халықаралық төлем технологиясын қолдану арқылы жол ақысын банк картасымен төлеуге мүмкіндік беретін балама жүйе енгізілді. Соның арқасында метро қызметін пайдалану ыңғайлы бола түсті.

Енді жолаушыларға ақша алу немесе жетон алу мақсатында ақша айырбастау үшін банкомат іздеудің қажеті жоқ. Турникеттің дәл өзінде контактысыз банк карточкасымен жол ақысын төлей беруге болады.

Бүгінде «Метрополитен» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнында 1400 адам жұмыс істейді және жер асты көлігі қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына көп көңіл бөлінеді.

Мысалы, 2015 жылы 39 жұмыскер жаңа көпқабатты тұрғын үйде қызметтік пәтерлерге ие болады. Одан басқа, метро мамандарына арналған дене шынықтыру-сауықтыру орталығы ашылды. Онда бассейн, тренажер залы, футбол алаңы, сауна, бильярд, үстел теннисі жұмыс істейді.

Бір жыл ішінде осы орталыққа 27 мыңнан астам адам келген.
Сондай-ақ, метрополитен тарихында тұңғыш рет қызметкерлерге арналған асхана ашылды және өткен жылдың соңында заманауи құрылғылармен жабдықталған жаңа оқу орталығы да іске қосылды.

«Біз 2015 жылы метро үшін бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асырдық. 2015 жылы біздің кәсіпорында апаттар және өндірістік ақаулар болған жоқ. Біз енді жолаушылардың қауіпсіздігі мен оларға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға арналған жаңа жобаларды қолға алдық», - деді осыған орай «Метрополитен» КМК директоры Айдын Оразханов.

2
3
4
5

Соңғы жаңалықтар